Итальян тілі - үйренуге жеңіл тілдің бірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Итальян тілі - әлемдегі ең танымал тілдердің бірі. Соңғы зерттеулерге сәйкес ол ағылшын, француз, испан тілдерінен кейін төртінші орынды иеленген.

Данте тілі неміс, қытай, жапон тілдеріне қарағанда тез меңгерілетін тіл, оны үйренетіндер саны соңғы жылдары біршама артқан, деп хабарлайды Euromag.

Бұл статистика деректері таяу күндері Римде Италияның шетелде танылу тәсілі ретінде итальян тіліне арналған конференция аясында талқыланды.

Шараны Icon - консорциум ұйымымен 19 итальяндық университет бірігіп өткізді. Олар тілді даму, оның ішінде экономикалық даму факторы ретінде талдаумен айналысады.

Профессор Мирко Тавосанистің айтуынша, итальян тілінің танымалдығы итальяндық компаниялардың халықаралық нарықтағы табыстарымен, сондай-ақ әлемнің итальян мәдениетіне, оның ішінде әдебиет, атақты итальян операсы, тіпті итальян асханасына қызығушылығының артқанымен түсіндіріледі.