Италия астанасында алғаш рет қызғалдақтар саябағы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көктем келгелі Рим іргесінде гүлдеген осы әсем өсімдіктің саны 300 мыңға жуықтайды. Оның ішінде алқызыл, сары, күлгін түсті 75 сұрыбы бар. Саябақ Голландия үлгісімен жобаланған, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Ал жел диірмені қызғалдақтар алаңына ерекше сән беріп тұр. Жалпы гүл отырғызу идеясы голландиялық пейзажға ғашық болған белгілі кәсіпкерлер жанұясына тиесілі. Осылайша отбасылық жұптың жұмыс нәтижесін енді римдіктер де қызғалдақтар еліне бармай-ақ тамашалауға мүмкіндік алды. Гүлден құралған түрлі-түсті кілем 15 мың шаршы метрге жайылған.

Тіпті «Тюлип-паркте» өз дастарханымен келіп пикник ұйымдастыруға болады. Өйткені бұл көркем көріністің ғұмыры қысқа болғандықтан, саябақ тек келесі көктемде қайта ашылады.

«Баққа келген әр адам өзіне ұнаған гүлдерден жеке гүлшоғын жинай алады. Бүгінде біз саябақ аумағына 300 мыңнан астам қызғалдақ отырғыздық. Олардың түрлері мен түстері де сан алуан. Сондықтан келушілерге үлкен таңдау ұсынылып отыр», -  саябақ кураторы Давиде Вотадоро.