Италия GMP стандарттарын енгізуге ықпал ете алады – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Фармацевтика – Италиядан импортталатын өнімдердің басым бағыты: өзара сауданың едәуір бөлігі дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарға тиесілі. Қазіргі Қазақстан-Италия байланысы салаға нендей жаңалық әкеледі?
Экономикалық зерттеулер институты Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының жетекші сарапшысы Ескендір Байсбай тақырыпқа қатысты пікір білдірді.
2023 жылы Италиядан Қазақстанға жеткізілген фармацевтикалық өнімнің көлемі 129 199,9 мың АҚШ долларын құрады, ал өткен жылы көрсеткіш 156 899,7 мың АҚШ долларына дейін ұлғайған. Осылайша, Италия нарыққа дәрі-дәрмек өнімдерін жеткізуші үздік бес елдің санатына енді.
Ескендір Байсбайдың айтуынша, бұған сұраныс қана емес, денсаулық сақтау саласындағы сауда-экономикалық іс-қимыл әсер етуде.
– Өнімдер тікелей жеткізу арқылы да, бірлескен инвестициялық жобалар аясында да келіп жатыр. Мысалы, Алматы облысында инвестициялық құны 58,8 млн АҚШ долларына тең фармацевтикалық зауыт салу жобасы іске асырылуда. Ол ішкі нарық пен экспорт үшін қатты нысанда дәрі-дәрмек шығаратын болады. Бұдан басқа, фармацевтикалық өнімдерді өндіру үшін аграрлық шикізатты қайта өңдеу жөніндегі итальяндық UCI ұйымымен бірлескен жоба талқы үстінде, – дейді Е.Байсбай.
Оның сөзінше, фармацевтика саласындағы серіктестік экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Импортқа тәуелділікті төмендетуге, заманауи дәрілік заттарды қолжетімді етуге көмегі көп. Бастысы, тәжірибе алмасуды қалыс қалдырмау керек.
– Елдегі бейінді институттардың итальяндық университеттермен байланыс орнатуы өзекті. Бізге медициналық орталықтар арасындағы тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау ынтымақтастық ауадай қажет. Инвестициялар мен технологиялар дұрыс интеграцияланса, жергілікті өндіріс базасын құруға қол жетер еді, – дейді сарапшы.
Ескендір Байсбайдың пікірінше, Италия Қазақстанға GMP стандарттарын енгізуге ықпал етуі ғажап емес.
– Италия GMP (Good Manufacturing Practice) стандарттарын енгізуге ықпал ете алады. Бұл отандық препараттардың сапасын жақсартып, олардың ішкі нарықта ғана емес, экспорттағы бәсекеге қабілеттін арттырады, – дейді ол.
Осыған дейін Қазақстан мен Италия іскер топтардың байланысын нығайтатыны туралы жаздық.