Италия мафиясының Латын Америкасындағы жетекшісі қолға түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Колумбия полициясы Латын Америкасындағы «Ндрангета» қылмыстық ұйымының жетекшілерінің бірі итальяндық Джузеппе Палермоны тұтқындады, деп хабарлайды AP.
Биліктің айтуынша, ол Оңтүстік Америкадан Еуропаға кокаин мен басқа да есірткілердің контрабандалық жолдарын бақылаған.
Палермо, сонымен қатар Пеппе деген атпен белгілі, Интерпол тарапынан халықаралық іздеуге берілген. Ол Колумбия, Италия, Ұлыбритания және Еурополдың құқық қорғау органдарының бірлескен операциясы кезінде ел астанасы Боготада, көшеде ұсталды.
Колумбия полициясының басшысы Карлос Фернандо Триананың айтуынша, Палермо — шетелде ықпалын белсенді түрде кеңейтіп жатқан, Еуропаға кокаин жеткізетін Италиядағы ең күшті және жасырын қылмыстық топтардың бірі «Ндрангета» мафиясының өкілі.
Ұсталған адам Колумбия, Перу және Эквадор елдерінде ірі көлемде есірткі сатып алумен айналысып қана қоймай, Еуропа нарығына есірткі жеткізу үшін теңіз және құрлық жолдарын да бақылаған.
БҰҰ мәліметі бойынша, 2023 жылы заңсыз кокаин өндірісі бүкіл әлем бойынша рекордтық көрсеткішке жетіп, 3708 тонна болған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 34%-ға артық. Бұл өсім ең алдымен Колумбиядағы кока плантацияларының кеңеюіне байланысты. Сарапшылардың бағалауы бойынша, жасырын есірткі нарығының, оның ішінде кокаин нарығының айналымы жылына 500 миллиард доллардан асады.
Еске сала кетейік, Брюссельде есірткі мафиясы қоқан-лоқы жасаған прокурорға арнайы күзет қойылғаны жайлы жазған едік.