Италия мен Францияда жаппай наразылыққа байланысты қауіпсіздік күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні Римде 1 500, Миланда 1 800 тәртіп сақшысы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ал Францияда жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін 70 мың полиция қызметкері, жандарм мен әскери қызметші жұмылдырылады, деп хабарлайды Еuronews .

Фото: DAWN

24 қазанда, сенбі күні Италия мен Францияда өмір сүру құнының өсуіне қарсы жаппай наразылық акциялары өтеді деп күтілуде. Билік пен кәсіпкерлер өткен демалыс күндері болған жаппай қиратулар мен тәртіпсіздіктердің қайталануынан қауіптеніп отыр.

Италияда наразылық акциялары Рим, Милан, Турин және Флоренцияны қоса алғанда, ірі қалаларда өтеді деп жоспарланған.

Ел астанасында ерекше қауіпсіздік режимі енгізіледі. Полиция ресми жарияланған шерулерді де, интернетте ұйымдастырылып жатқан өздігінен өтетін акцияларды да бақылауда ұстау жоспарын әзірледі. Тәртіп сақшыларына полиция мен карабинерлердің ұшқышсыз ұшу аппараттары көмектеседі. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жазбаларды қадағалайтын Рим киберқауіпсіздік орталығы жұмыс істейді.

Сонымен қатар интернетте наразылық акцияларына қатысушыларға арналған кеңестер кеңінен таралып жатыр. Оларға өздерімен бірге су, ауырсынуды басатын дәрілер мен көзден жас ағызатын газдан қорғану үшін сірке суын алу ұсынылуда.

Италияда құқық қорғау органдары қызметкерлеріне әскери қызметшілер де көмектеседі. Олар үкіметтің қауіпсіздік туралы декреті қабылданғаннан кейін осындай міндеттерді орындауға жіберілген. Құжат наразылық акциялары кезінде зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізеді.

Өткен аптадағы тәртіпсіздіктерден кейін полиция ұйымдастырушылар мен арандатушыларды іздеу мақсатында жүзге жуық мекенжайда тінту жүргізді. Іздеу жүргізілген күдіктілердің жартысынан астамы кәмелетке толмағандар болып шықты. Олардың көбі әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылыққа және қылмыс жасауға шақырғаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Францияда жоғары дайындық режимі: 70 мың тәртіп сақшысы

Францияда сенбі күнгі наразылық акциялары қарсаңында полиция мен жандармерияның 70 мың қызметкері жұмылдырылды. Ішкі істер министрі тәртіпсіздік ұйымдастырушыларына қатысты «барынша қатаң шаралар» қолданылатынын мәлімдеді.

Полиция мен жандармерия қызметкерлеріне көптеген арнайы бөлімшелердің қызметкерлері мен әскери қызметшілер көмектеседі. Олардың қарамағына тәртіпсіздіктерді басу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен броньды техника берілген.

Өткен сенбіде болған оқиғалардан кейін Францияда 2 700 адам ұсталды. Олардың 217-сі қазірдің өзінде түрмеге қамалған.

Марсель қаласында жаңа тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін барлық демонстрация өткізуге тыйым салынды. Қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Қала билігі қауіпсіздік мақсатында қала орталығында кәмелетке толмағандарға арналған коменданттық сағаттың қолданылу аясын кеңейтті.

Айта кетелік Франциядағы жаппай тәртіпсіздік шығыны 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін.