Италия Премьері зілзаладан зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италия Премьер-министрі Маттео Ренци сәрсенбіге қараған түні болған зілзаладан зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай жариялады.

Соңғы мәлімететр бойынша, табиғи апаттан қаза тапқандар саны 250-ге жетті. Олардың көпшілігі - шамамен 200 адам - Аматриче қаласында қаза тапты, деп хабарлайды Би-би-си.

Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Италия билігі 50 миллион еуро бөлді. Ренци жақында қосымша қаржы бөлінеді деп уәде берді.

 Осымен екінші түн қираған қалаларда құтқару-іздеу жұмыстары дамылсыз жүріп жатыр, жер асты дүмпулері қайталанған сайын олардың жұмысы қиындай түсуде.

Италия мәдениет министрлігі алдағы жексенбіде музей көрмелеріне сатылған билет қаражатын зардап шеккендерге көмекке жіберетінін мәлімдеді. Мәдениет министрі зілзаладан зардап шеккендерге көмектесу үшін итальяндықтарды музейге шақырды.