Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Аналар күніне орай жазба жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Италияда Аналар күніне белгіленген «Festa della Mamma» мерекесіне орай, премьер-министр Джорджа Мелони әлеуметтік желіде қызының суретімен бірге жазба жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: nterpressnews

— Ана болу — ең үлкен сый, сонымен бірге өмірдің берген ең үлкен сынағы, — деп жазады Джорджа Мелони.

Италия премьер-министрінің пікірінше, ана болу адамның ішкі жан дүниесін өзгертеді, бір уақытта оны мықты әрі әлсіз етеді.

— Ана болу шаршасаң да әрдайым қасында болу. Бұл дегеніміз — кез келген әрекетті махаббатпен жасау, тіпті ол жоқ жерде де сол үшін құрбан болу және соған күш табу, — дейді Мелони.

Джорджа Мелонидің қызының аты Джиневра (Ginevra). Ол — 9 жаста. Әкесі — италиялық тележурналист Андреа Джамбруно. Джиневра спорттық бимен айналысады. 2026 жылдың наурыз айында италиялық БАҚ Джорджа Мелонидің қызының жарысына қолдау көрсету үшін Тиволи қаласындағы аймақтық чемпионатқа барғанын және журналистердің назарын өзіне аудармауға тырысқанын қызу талқылады.

Айта кетейік, былтыр Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстанға келген іссапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ең сындарлы көшбасшылардың бірі деп атаған болатын.