Италия үкіметі әлемдегі ең ұзын аспалы көпір жобасын бекітті
АСТАНА. KAZINFORM — Италия үкіметі Апеннин түбегін Сицилия аралына қосатын әлемдегі ең ұзын аспалы көпірдің жобасын мақұлдады, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Жалпы ұзындығы шамамен 3,3 километр болатын көпірде әрқайсысының биіктігі 399 метр болатын екі тіреу бағанасы болады. Жобаның болжамды құны — 13,5 миллиард еуро.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони көпірді салуды ел үшін стратегиялық маңызды жоба деп атады.
Өз кезегінде премьер-министрдің орынбасары, көлік және инфрақұрылым министрі Маттео Сальвини бұл құрылыстың өңірлер мен бүкіл елдің дамуын жеделдететінін айтты.
Бұл инфрақұрылымдық жоба көптеген инновацияларды қамтиды және оның жүзеге асырылуы 6 жылға созылады.
Инфрақұрылымның тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында 40 шақырымнан астам автомобиль және теміржол жолдарының құрылысы жоспарланған.
Көпір Оңтүстік Италия мен бүкіл елдің дамуына стратегиялық маңызы зор және трансеуропалық көлік желілерін толықтыру тұрғысынан ұлттық маңызға ие болады.
Айта кету керек, бұл жоба Италияда 1960-жылдардың аяғынан бері талқыланып келеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда италиялық сауда үйін ашуды ұсынды.