Мемлекет басшысы Алматыда италиялық сауда үйін ашуды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында италиялық сауда үйін ашуды ұсынды. 

Мемлекет басшысы Алматыда итальян сауда үйін ашуды ұсынды
Фото: Александр Павский/ Kazinform

– Біздің елдер арасындағы сауданы кеңейтуге сауда үйлері мен логистикалық орталықтарды ашу арқылы елеулі серпін беруге болады. Осы орайда Алматы қаласында итальян сауда үйін құру ұсынылады. Екі елдің іскер тобы арасындағы ынтымақтастықты оңтайландыру үшін «Бизнесмендер плюс Италия» атты диалог алаңын іске қосу орынды деп санаймыз. Мұндай форматтағы алғашқы кездесуді Қазақстанда өткізуге болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитінде. 

Президенттің айтуынша, қазір Орталық Азия елдері шекара маңы сауда-экономикалық хабы мен өнеркәсіптік кооперация орталықтары желісін құру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстан итальяндық әріптестерді осы бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға шақырады.

– Бұл – тоқыма, жиһаз, фармацевтика және автомобиль өнеркәсібі салаларында кәсіпорындар ашу туралы. Аталған салаларда итальян өндірушілері бүкіл әлем үшін сапа мен инновацияның ең жоғары стандарттарын қалыптастырып отыр. Сонымен қатар өңір елдерінің және Италияның компаниялары «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана алады, - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент Италияның жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиалын ашуға шақырды. 

Айта кетейік, 2026 жыл «Орталық Азия мен Италияның» мәдени қозғалыс жылы ретінде аталып өтіледі.  

Қазір елордада «Орталық Азия – Италия» бірінші саммиті өтуде. Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып жатыр.

Соңғы жаңалықтар