Жалпы, апельсин шайқасы әлемдегі жеміс-жидектердің «қатысуымен» өтетін санаулы мерекелердің қатарына кіреді. Атап айтқанда, испандық томатина (помидор атысы), ағылшынның кремі бар бәліш лақтыру және жұмыртқамен атысу фестивалінен кейінгі төртінші орында итальяндықтардың аталмыш мерекесі тұр.
Туриннен 40 шақырым жердегі Ивреа қаласында өтетін бұл мереке еуропалықтардың арасында танымал екенін айта кеткен жөн. Негізінде, мерекенің бірнеше тарихы бар. Соның бірі жергілікті диірменшінің Виолетта есімді қызының ерлігімен байланыстырылады. Ол өзі сүймеген ақсүйекке тұрмысқа шықпау үшін қарсылық көрсеткен деген аңыз бар. Соған сәйкес, апельсин шайқасына қатысушылар үш топқа бөлінеді. Қарапайым жауынгерлер Виолеттаны жақтаушылар, сауыт киген ерлер ақсүйекті қорғаушылар болса, үшінші топ қызыл телпек киген адамдар еркіндіктің символы ретінде қатысады.
Қала басшылығы шайқас кезінде көшеде кездейсоқ кетіп бара жатқан адамдарға апельсин тиіп кетпесі үшін фестиваль өтетін алаңды тормен қоршап тастайды. Әрі ойынның шарты бойынша апельсинді белгілі бір адамға көздеп лақтыруға болмайды. Ең қызығы, бұл шайқасқа кішкентай балаларға да қатысуға рұқсат етілген.
Бұған қоса, апельсиннен бөлек, фестивальде ыстық қызыл шарап пен адамдар жүретін жерге аттың қиы міндетті түрде шашылуы керек екен, деп жазады Лента.ру.