Италияда инфляция деңгейі төмендеді

РИМ. ҚазАқпарат - Италияда жылдық инфляция сәуірде 8,2% болса, мамырда 7,6%-ға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Италия статистикалық агенттігінің (Istat) мәліметінше, инфляцияның баяулауына энергия бағасының динамикасы әсер еткен. Атап айтқанда, осы жылдың мамыр айында энергия бағасы 26,6%-дан 20,3%-ға төмендеді.

Италияның азық-түлік секторында да өңделген өнімдер бағасының жылдық көрсеткіші төмендегені байқалды. Ал бұл базалық инфляцияның (6%-ға дейін) төмендеуіне ықпал етті.

Осы аптада Италия Банкі 2023 жылы ЖІӨ жоғары болатынын болжады. Алайда 2024-2025 жылдарға арналған болжамын төмендеткен. Осылайша, Орталық банк 2023 жылы ЖІӨ осы жылдың қаңтарындағы 0,6% көрсеткішпен салыстырғанда 1,3%-ға өсуі керек екенін мәлімдеді.