Италияда мұғалімдердің 70%-ының жасы 50-ден асқан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше 35 елдің арасында Италия егде жастағы мұғалімдер саны жағынан алда келеді. Бұл туралы ұйымның жылда жарияланатын баяндамасында келтірілген, деп жазады «Хабар 24».

Италия мектептеріндегі ұстаздардың 70%-ының жасы 50-ден асқан. Олардың көбі - әйелдер. Білім беру жүйесі үшін мұғалімдердің жасы үлкен мәселе болып тұр. Жас ұстаздарға жұмыс орны жетіспейді.

Бұл өзге мамандықтарға да қатысты. Жалпы, Италия Еуропадағы ең кәрі ел саналады. Тұрғындарының 20%-ы, яғни 13 млн адам 65 жастан асқан. Халықтың қартаюы осыдан 30 жыл бұрын басталып, елдегі егде жастағылардың саны өсіп келеді.

«Бүгінде халықтың 20%-ы 65 жастан асқан. 20-30 жыл бұрын бұл үлес екі есе аз болатын. Еліміздің қартаюы жалғасып, ондаған жыл өткеннен кейін егде жастағылардың саны 30%-дан асып кетеді», - дейді Демография мен әлеуметтік саясатты зерттеу институтының директоры Коррадо Бонифаци.