Италияда оқып жүрген қазақстандық студент көз жұмды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Италияда қазақстандық студент қаза тапты. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі растады.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Марқұм туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде тарады. Ол Оралдағы Назарбаев түлегі болған және Кассино қаласындағы University of Cassino and Southern Lazio университетінің үшінші курсында оқыған. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт суға кетіп, көз жұмған.

— Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Еліміздің Италиядағы елшілігі мен Италияның құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, — деп хабарлады ҚР СІМ.

Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетеді.

Еске салайық, бұған дейін СІМ Түркияда жол апатынан қаза тапқан азаматқа қатысты ақпаратқа түсінік берген еді.