Жүк көлігі жүргізушілеріне қатысты тексерулер негізінен елдің оңтүстігіндегі Кампания аймағында жүргізіліп жатыр.
Corriere della Sera басылымның мәліметінше, құқық қорғау органдарына жүк көліктері жиналған орындардан бастап оларды жол бойы алып жүру тапсырылған. Ішкі істер министрлігі наразылыққа қылмыстық топтардың қатысы болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Елдің оңтүстік өңірлерінде, соның ішінде Неаполь мен Сицилияда ереуілдерге байланысты супермаркеттерде азық-түлік тапшылығы байқалады. Кейбір жанармай құю бекеттерінде отын таусылған.
Неаполь мен Бари билігі қоқыс шығаруда да іркілістер бар екенін хабарлады. Осы қалалардың әуежайларын қоса алғанда, оңтүстіктегі бірқатар әуежайда авиациялық керосин тапшылығы туындаған. Бұған қоса, Неапольде қоғамдық көлік жұмысы да бұзылуы мүмкін екені ескертілді. 2008 жылы Неапольде болған қоқыс дағдарысы Романо Продидің үкіметі құлауына әсер еткен факторлардың бірі болды.
Бұған дейін салалық бірлестіктер Италия үкіметі жанармай бағасының өсуіне байланысты шығындарды өтеу үшін 500 миллион еуроға дейін қаржы бөлетініне кепілдік бергеннен кейін жолдарды бөгеуді тоқтатуға шақырған. Алайда жүк тасымалымен айналысатын кейбір топтар, соның ішінде Сицилиядағы тасымалдаушылар ереуілді жалғастыру туралы шешім қабылдаған.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони көлік компаниялары мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қосымша қолдау көрсету туралы декрет қабылдау үшін үкіметтің кезектен тыс отырысын шұғыл шақырды.