Италияда жер сілкінісінің құрбандары 300-ге жуықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияда жер сілкінісі салдарынан қаза болғандардың саны 294 адамға дейін өсті. Бұл туралы Росбалт хабарлады. Тағы 688 адам жарақат алды, олардың көпшілігі ауыр халде жатыр.

Қаза болғандардың көпшілігі Аматричеден табылған: бұл қала басқаларынан күштірек зардап шекті.

Шатырлы қалашықтарға үй-күйсіз қалған 2,5 мыңға тарта адам орналастырылды. Асколи-Пиченода сенбі күні зілзаланың 35 құрбанын жерлеу рәсімі өтті, оған мемлекет басшысы және елдің жоғары басшылығының өкілдері, соның ішінде премьер-министр Маттео Ренци қатысты.

Елде аза тұту күні жарияланды, Рим папасы Франциск әлем жұртшылығын қаза болғандарға дұға оқуға шақырды.

24 тамызға қараған түнде Италияның орталық бөлігінде тербелісі 6,2 балл жер сілкінісі болды, табиғи апат Умбрия, Лацио және Марке облыстарын қамтыды.