Өткен аптадан бері жүк көлігі жүргізушілері жанармай шығынын азайту шараларын қабылдауды талап етіп, жолдар мен автомагистральдарды жауып жатыр. Елдің оңтүстік аймақтарында, соның ішінде Кампания, Сицилия және Калабрия өңірлерінде жеткізу жұмыстары айтарлықтай бұзылған.
Атап айтқанда, логистикалық тізбектердің үзілуіне байланысты буйвол сүтінен моцарелла өндіретін кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Мұндай кәсіпорындардың басым бөлігі Кампания өңірінде орналасқан.
Азық-түлік өндірушілер де зардап шекті. La Doria компаниясының басшысы Антонио Феррайоли Италияның оңтүстігіндегі кәсіпорынның жеті зауыты жұмысын тоқтатып, қызметкерлерінің жартысын мәжбүрлі демалысқа жібергенін хабарлады.
«Егер наразылық жалғаса берсе, Италияның оңтүстігінде өндірілген өнімдер бүкіл елдегі супермаркеттердің сөрелерінен жоғалады. Олардың орнына импорттық тауарлар немесе Италияның басқа өңірлерінде өндірілген өнімдер қойылады», – деп ескертті ол.
Ереуіл автомобиль өнеркәсібіне де әсер етті. Қосалқы бөлшектердің жетіспеуіне байланысты Stellantis концерні Неаполь маңындағы Помильяно-д'Арко, Абруццо өңіріндегі Атесса және Базиликата өңіріндегі Мельфи қалаларында орналасқан зауыттарының жұмысын тоқтатты.
Супермаркеттерді, жанармай құю станциялары мен ауруханаларды қамтамасыз етуде де елеулі қиындықтар байқалды. Неапольде жанармай тапшылығы медициналық қызметтердің жұмысына кедергі келтіріп, тұрмыстық қалдықтарды шығаруға қауіп төндірді.
Наразылықтар аясында премьер-министр Джорджа Мелони бастаған үкімет 22 қазанда көлік саласын қосымша қолдау шараларын мақұлдады.
Билік жүк тасымалдаушыларға салықтық жеңілдіктер беру үшін қосымша 106 млн еуро (шамамен 53,4 млрд теңге) бөлді. Бұған дейін осы мақсатқа 434 млн еуро (шамамен 218,7 млрд теңге) қарастырылған болатын. Сонымен қатар фермерлерді қолдауға 60 млн еуро (шамамен 30,2 млрд теңге), ал балық шаруашылығына 10 млн еуро (шамамен 5 млрд теңге) бағытталады.
Үкіметпен жүргізілген келіссөздерден кейін тасымалдаушылар өкілдері Сицилиядағы жолдарды бөгеуді тоқтататынын мәлімдеді. Калабрияда да наразылық акциялары уақытша тоқтатылды. Ал Кампанияда жол қозғалысына қойылған шектеулер біртіндеп алынады деп күтілуде.
Премьер-министр Джорджа Мелони келіссөзге келіп, наразылықты тоқтатуға келіскен тасымалдаушылар ұйымдарына алғыс білдірді.
Сонымен бірге үкімет азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да бірінші кезекте қажетті тауарлардың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге ниетті. Жолдың жабылған учаскелері арқылы өтуге тырысқан жүк көліктеріне полицияның ілесіп жүруі қарастырылған.
Бұған дейін Италия жаппай тәртіпсіздіктер мен тонауға қатысқандарға жазаны күшейтіп жатқаны хабарланған болатын.
Айта кетелік Италияда жанармай бағасына қарсы наразылық азық-түлік жеткізіліміне кедергі келтіргені туралы жазған едік.