Италиядағы оқ-дәрі зауытында жарылыс болып, адамдар эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Италия астанасы Римге жақын орналасқан Коллеферро қаласындағы оқ-дәрі шығаратын зауытта жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпорын қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды BBC .

Фото: Social media

KNDS Ammo Italy тобына тиесілі зауытта алдымен өрт шыққан. Corriere della Sera басылымының жазуынша, цехтардың бірінде оқ-дәріні нығыздайтын құрылғы өртенген.

Кейін жалын зауыт аумағына тарап, жарылыс болған. Оның дауысы көршілес елді мекендерге дейін естілген.

Өрт сөндірушілер мен полиция кәсіпорынға жарылысқа дейін, өрт басталған кезде жеткен. Сол күні жұмыс істеген 24 қызметкердің барлығы қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Қауіпсіздік мақсатында зауыт маңындағы жолдар жабылды.

– Жағдай бақылауда. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жоқ екені туралы ресми растауды күтіп отырмыз, – деді Коллеферро мэрі Джулио Каламита.

Оның айтуынша, жарылыс толқынынан зауыт маңындағы бірнеше үйдің терезелері сынған.

– Бақытымызға қарай, жарылыс жұмыс уақытынан тыс кезде болды. Әйтпесе қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді, – деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Сицилияда Этна жанартауының атқылауына байланысты әуе қатынасының бұзылғаны хабарланған.