Италиядағы автобуста жарақат алған әйел Алматыға жеткізілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Италиядағы автобус апатында жарақат алған әйел Алматыға жеткізіліп, №7 клиникалық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір дәрігерлер пациенттің өмірі үшін реанимациялық жағдайда ем жүргізіп жатыр.

«Пациент жабық ми жарақатын алған, самай сүйегі сынған, омыртқа сүйектері сынған. Кеуде қуысы ауыр соққы алған. Сонымен қатар, 4 қабырғасы сынып, орнынан жылжып кеткен. Оған қажетті ота жасалды», - деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, осыған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Италияда туристер мінген автобустың апатқа ұшырағандығын, оның ішінде 9 Қазақстан азаматы болғандығын хабарлады.

Кейінірек министрлік осы жол апатынан зардар шеккен Қазақстан азаматтарының арнайы ұшақпен елге қайтарылатындығын мәлім етті.