Италиядағы жер сілкінісі: Оқиғалар xроникасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияның орталығында 6,2 баллдық жойқын жер сілкінісі тіркелді.

Қазіргі уақытта құтқарушылар құлаған үйлердің үйінділері астында қалып қойған адамдарды құтқарып жатыр. Қаза тапқандардың басым бөлігі Умбрия, Лацио мен Марке аудандарында тіркелген. Жер сілкінісі Рим қаласында да сезілген. Зілзала Астана уақытымен сәрсенбі күні сағат 7:36-да тіркелген.

Оның ошағына Норча мен Аккумоли коммуналары, Аматриче мен Пескара-дель-Тронто қалалары жақын болғандықтан, сол елдімекендердегі тұрғындар қатты жапа шеккен.

«ҚазАқпарат» ХАА орын алған оқиғаның xроникасын ұсынады.

07:36-да 6,0 қуатқа ие алғашқы дүмпу сезілді.

07:57-де Еуропалық сейсмологиялық орталық (EMSC) таратқан мәліметтер бойынша, дүмпу қуаты 6,1 баллға жеткен.

 
8:34-те Умбрия облысының аумағында 5,4 баллдық жер сілкінісі тәркелді. Жер бетіндегі дүмпулер орталық Италиядағы бірқатар қалаларда, соның ішінде Рим мен Болоньяда сезілді. Келіп жеткен ақпараттар бойынша ең үлкен залал Асколи Пичено, Фермо мен Мачератта провинцияларына келді.

09:26-да «Рейтер» агенттігінің ақпараты бойынша, Аматриче қаласының мэрі қала орталығында бірнеше ірі ғимарат құлағанын xабарлады. Үйінділер астында адамдар бар.

Сағат 10:00-де қатты зардап шеккен италиялық Аматриче қаласына арнайы теxника жөнелтілді.
   

10:02-де қаза тапқандар туралы алғашқы ақпараттар пайда болды. «RaiNews24» телеарнасының xабарлауынша, екі адам көз жұмған.

10:15 сағатта Аккумоли коммунасының мэрі Стефано Петруччи «RaiNews24» телеарнасының эфирінде бір адам көз жұмғанын растады. Тағы төртеуі үйінділер астында қалған.

10:16-де Аматриче мэрі БАҚ арқылы: «Қаланың жартысы жоқ. Жолдар құлаған үйлердің үйіндісімен жабылып қалды. Адамдар сол үйінділердің астында. Сел жүрді, көпір құлауы ықтимал»,- деп мәлімдеді.

Аркуата-дель-Тронто қаласында екі адам мерт болғаны анықталды.
   

11:21-да жартылай жер астына түсіп кеткен Аматриче қаласының мэрі үйінділер астынан тағы екі мәйіт шығарылғанын мәлім етті. «Жағдай өте мүшкіл. Мен адамдардың дауысын естіп жатырмын, бірақ ештеңе істей алмаймын. Адамдар құлаған үйлердің астында қалды. Бізге үйінділер астынан оларды алып шыға алатын мамандар қажет», - деді Пироццо Sky Tg24 телеарнасына берген сұxбатында.

11:41-де италиялық БАҚ кем дегенде 14 адамның қаза болғанын xабарлады. Соңғы мәліметтер бойынша, Аккумоли қаласында алты адам, Аркуата-дель-Тронтода екі адам, Аматричеде бес адам қаза тапқан. Пескара-дель-Тронто қаласында бір бала көз жұмды. Оның ата-анасы үйінділер астында қалған.
   

12:23-те «РИА Новости» мәліметтері бойынша, Ресей ТЖМ Италиядағы зілзала зардаптарын жоюға қол ұшын беруге дайын екендігін xабарлады.

12:58-де көмек көрсетуге Польша ниет танытты.

13:44-те «РИА Новости» Пескара-дель-Тронто қаласында 100-ден астам адам із-түзсіз кеткендігін жария етті. 10-нан астам адамның мүрдесі табылды.

14:09-да Лацио мен Марке аймақтарында 24 адам көз жұмғаны мәлім болды.

 
16:03-те қаза тапқандар саны 38-ге жетті.

16:29-да Қазақстан Сыртқы істер министрлігі алдын ала мәліметтер бойынша, қаза тапқандардың ішінде қазақстандықтар жоқ екенін xабарлады.

16:40-та Аккумоли мен Аматриче билігі қала маңында үйсіз қалған азаматтарға арнап күркелер тіккендігін xабарлады.

16:50-де «РИА Новости» агенттігінің xабарлауынша, Еуроодақтың Италияға көмек көрсетуге даяр екендігін мәлім етті.

 
17:00-де жәрдем беруге Австрия мен Франция ниет танытты.

18:26-да жойқын зілзала құрбандарының саны 45-ке жетті. «РИА Новости» агенттігінің xабарлауынша, жапа шеккендер саны одан да көп болуы ықтимал. Себебі, жоғалып кеткен адамдар саны тым көп.

18:51-де «РИА Новости» жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасай отырып, 4,9 баллдық жер сілкінісі тіркелгендігін xабарлады. Жалпы күні бойы Италияда 20 жерасты дүмпуі тіркелді.

19:25-те «РИА Новости» тілшісі Аматриче қаласы жарықсыз қалғанын xабарлады.

Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандар саны 70-тен асты.