Италиядан 3-4 жолдама алуымыз керек – Туризм және спорт министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар әр Олимпиадада боксшылардан үлкен үміт күтеді. Десе де, кейінгі жылдары халықаралық жарыстарда жүлденің ауылы алыстай түскені байқалады. Қазірдің өзінде ел қоржынында Париж Олимпиадасының 2 жолдамасы ғана бар.

Фото: Туризм және спорт министрі

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 4-12 наурыз аралығында Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтетін турнирден 3-4 жолдама алу көзделгенін айтты. Кейін Тайландта өтетін халықаралық турнирден де лицензия алу мүмкіндігі бар.

Италиядағы турнирде Қазақстанның ерлер құрамасы 5 салмақта қолғап түйістіреді. Олар – Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі). Ерлер арасында 28 жолдама үлестіріледі.

Әйелдер құрамында шаршы алаңға 50 келі салмақта Алуа Балқыбекова шығады. Сондай-ақ 54 келіде Жайна Шекербекова, Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі) лицензияға таласады. Әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынады. 

Қоржындағы 2 жолдама Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимоваға тиесілі екенін атап өткен жөн.