— Біз Қазақстанға айрықша көзқараспен қараймыз. Себебі, бұл ел — Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесіміз. Сонымен қатар, Италияны энергиямен қамтамасыз етіп отырған басты мемлекеттердің бірі. Сондықтан Қазақстанда не болып жатқанын әрдайым бақылап отыру — біз үшін өзекті мәселе, — деді ол.
Одан бөлек, италиялық маман Қазақстанда саяси реформалардың бірнеше жыл бұрын басталғанын атап өтті. Ал Құрылтай сайлауының техникалық жағынан қамтылуын «әдеттегідей керемет» деп бағалады.
— Халықтың дауыс беруге деген ынтасы тұрғысынан өз елім мен Қазақстанды салыстырсам, зор айырмашылықты көремін. Әр қазақ азаматы саяси науқанда дауыс беріп, елдің даму жолына қатысты үн қатқысы келеді. Кеше сайлаушылардың 74%-ы дауыс берді. Ал Италияда бұл көрсеткіш 50%-ға жетсе, үлкен жетістік деп қуанар едік. Азаматтардың сайлау учаскесіне барып, дауыс беруі жақсы үдеріс, — деді ол.
Сонымен бірге, Доменико Палмиери еліміздің бір палаталы Парламент жүйесіне көшуіне байланысты ойын айтты.
— Мен екі палаталы Парламенті бар елден келіп отырмын. Бірақ Қазақстан халқы таңдаған шешімді, яғни бір палаталы Парламентті жақсырақ деп санаймын. Ол депутаттарға өнімдірек жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жалпы, кеше Қазақстан үшін өте маңызды күн болды. Алайда бұл жолдың басы ғана. Қабылданған реформалардың бәрі іске асырылуы керек. Айлар, жылдар өткен соң, нәтижесін көреміз деп ойлаймын, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін ҚСЗИ басшысы Құрылтай сайлауы туралы «Саяси бәсекелестік артты» деп мәлімдегенін жазғанбыз.