Италиялық теннисші рекордтық көлемде табыс тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Турин қаласында мәресіне жеткен ATP қорытынды турнирінде әлемнің 1-ракеткасы Янник Синнер қарсыластарының бәрін жеңді.
Жарыс барысында Алекс де Минор, Даниил Медведев және Каспер Руудты қапы қалдырған италиялық теннисші финалда америкалық Тейлор Фрицті 6:4, 6:4 есебімен қапы қалдырды.
Я.Синнер 1986 жылдан бері бірде-бір сетте есе жібермеген бірінші теннисші атанды. 1986 жылы Иван Лендл осындай нәтижеге қол жеткізген болатын.
Сонымен қатар Янник Синнер жарыс қорытындысында 4 млн 881,5 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, абсолютті рекорд орнатты. Бұған дейін 2022 жылы қорытынды турнирде Новак Джокович 4 млн 740,3 мың доллар, биыл Кори Гауфф 4 млн 805 мың доллар табыс тапқан еді.
Я.Синнер биыл Australian Open, US Open, сондай-ақ Цинциннати, Роттердам, Майами, Галле және Шанхай додаларында жеңіске жетті.
ATP қорытынды турнирі 2030 жылға дейін Италияда өтетін болады.
Янник Синнер жаңартылған ATP рейтингісінде 11 830 ұпаймен басқалардан қара үзіп кетті. Екінші орындағы германиялық Александр Зверевтің 7 915 ұпайы бар.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 34-орында қалса, Александр Шевченко 80-нен 78-ге, Михаил Кукушкин 113-тен 112-ге, Дмитрий Попко 176-дан 174-ке, Тимофей Скатов 195-тен 192-ге жоғарылады. Денис Евсеев 204-тен 212-ге төмендесе, Бейбіт Жұқаев 238-сатыда қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңіне жолдама алғанын жазған едік.