Шығарманы түпнұсқадан Абылай Сұлтан тікелей аударып, ал Steppe & World баспасы жарыққа шығарды. Елордада кітаптың таныстырылымы өтті. Жиынға қазақстандық және италиялық мамандар, зиялы қауым, оқырмандар қатысты.
– Пиноккио – ерекше кейіпкер. Өйткені, кішкентай ағаштан бала, яғни кәдімгі тірі адам өсіп шығады. Туындының астарында адам болу туралы терең философиялық астар бар. Сондықтан қазақ балалары үшін де тәрбиелік маңызы зор. Мейірімді, жанашыр әрі нағыз адам болу тәрізді құндылықтарды бала ұғымына сай түсіндіреді, – деді Steppe & World баспасының директоры Раиса Қадыр.
Карло Коллодидің туғанына 200 жыл толуын атап өту жөніндегі Ұлттық комитеттің төрағасы, италиялық жазушы әрі тарихшы Джордано Бруно Герри іс-шараға қатысу үшін Италиядан арнайы келді. Орайы келіп тұрған сәтте онымен сұхбаттасқан едік.
– «Пиноккио» деген кейіпкерді естімеген адам әлемде кемде-кем шығар. Бірақ бұл шығарманың авторын қалың көпшілік біле бермейді, яғни қаламгер кейіпкерінің «көлеңкесінде» қалып қойды. Сондықтан жазушы туралы мәлімет берсем деймін. 1826 жылы туған ол жас кезінде елін азат етуге атсалысты, яки Италияның тәуелсіздігі үшін екі соғысқа қатысты. 1861 жылы Италия біріккеннен кейін, саясаткер және интеллектуал ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, мемлекеттің дамуына орасан күш салды. Сөйте тұра, шығармашылыққа да уақыт тапты. 1881 жылы «Пиноккионың бастан кешкендері» ертегісі алғаш рет оқырмандарға жол тартты. Бұл туынды оқырманға адам болу зор талпыныспен, қателіктен сабақ алумен, осы жолға өзіңді толық арнаумен келетінін ұқтырады, – деді Джордано Бруно Герри.
Оның сөзінше, ХІХ ғасырдың соңында Италия артта қалған, кедей, халқының басым бөлігі сауатсыз әрі әлеуметтік әділетсіздік жайлаған ел еді. Пиноккио осындай қоғамда «өмірге келді». Нақтырақ айтқанда, оны Тоскан ауылында Джепетто деген кедей ағаштан қашап жасады. Джепеттоның кедейлігі сондай – пешке жағатын отыны болмай, оттың суретін қабырғаға салып қойды. Ал Пиноккио шын мәніндегі балаға, адамға айналуға ұмтылды. Мұрны ұзын болатын және өтірік айтқан сайын ұзара түсетін.
– Жергілікті әкімшілік өкілдері Пиноккиоға қиянат жасап, жазықсыз түрмеге қамайды да, оның билікпен өзара кикілжің, қақтығысы туындайды. Шығармада ол көптеген қателік жасаумен бірге, әлгіндей әділетсіздікке де ұшырайды. Пиноккио бірнеше рет өтірік айтқаны үшін мұрны ұзаратыны рас. Бірақ оқырман түсінігінде ол сондай тек өтірікші сияқты қалыптасқан. Негізі, бұл туындының астары терең, мәні зор. Ағаш кейіпкер Пиноккионың адам болуға ұмтылысы мен заман шындығы, бұқараның ауыр тұрмысы, қоғамдық әділетсіздік сияқты әлеуметтік мәселелер де көрініс тапқан, – деді италиялық қаламгер.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі қаламгердің ағылшын тіліндегі кітабы таныстырылғанын жазғанбыз.