Италиялық кәсіпкерлер Алматы облысына келді

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов италиялық делегациямен кездесті. Шетелдік қонақтар өңір экомикасына инвестиция құюға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге келген Италияның 4 ірі компаниясының басшылары өздерінің айналысатын саласы, өндірісі, бағыт-бағдары мен жоспарлары туралы қысқаша баяндап өтті. Қоқыс өңдеумен, жаңартылған энергия көздерін дамытумен, темір бұйымдарын шығарып, құрылыс жүргізумен, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын аталмыш компаниялар Алматы облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытатындарын жеткізді.

Кездесу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Тұрлашов Елбасының алдымызға қойып отырған ауқымды міндеттерінің бірі инвестиция тарту екенін, облыс аумағында бірқатар маңызды жобаларды іске асыруға мүдделілік танытқан еуропалық кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін айта келе, ресми қонақтардың істеріне сәттілік тіледі.

Жүздесуден кейін италиялық делегация Кәсіпкерлер палатасында облыс және қала әкімдігі мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтетін жиынға қатысады. Онда нақты жобаларды іске асыру жолдары талқыланады деп күтілуде. Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралайды деп жоспарланған.