Италиялық компания Қырымда су тұщылайтын кәсіпорын ашпақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Италиялық компания ресейліктермен бірлесіп, Қырымда теңіз суын тазалап, тұщылайтын кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы италиялық саясаткерлер мен кәсіпкерлер делегациясының түбекке сапарын ұйымдастырған «Ялта халықаралық экономикалық форумы» қорының өкілдері хабарлады, деп жазды ТАСС.

«Қырымда бірлескен кәсіпорын (БК) құру мәселесін талқылағым келеді», - деді су тазалайтын BRESCIA компаниясының басшысы Фабио Босио.

Қырым кәсіпкерлерімен кездесуде ол Қырымға теңіз суын тұщылау технологияларын ұсына алатынын мәлімдеді. Оның жобасы бойынша салынған су тазалау станциясы Қырым түбегіне электр энергиясын, ауыз су және егін суаруға арналған су бере алады, деп жазды қор.

«Біздің технология инновацияланған, су тұщылаудың бұрынғы әдістеріне қарағанда көп табыс әкеледі және ауыз су мен техникалық су өндіруге патенттелген», - деді италиялық кәсіпкер.

Ресей құрамына қосылған Қырымға сапарлап келген Италия делегациясы ірі саясаткерлер мен Еуроодақ мемлекеттерінің кәсіпкерлерінен құралған.