Туристерді қызықтыратын көл жағасындағы бірнеше барды су басты, азаматтық қорғау органдары жақын маңдағы аудандардан суды сорғымен айдап шығарып, жылжымалы бөгеттер орнатуға мәжбүр болды.
Комо, Монса, Брианца және Милан муниципалитеттері арқылы өтетін Севезо өзені де арнасынан тасыды.
Миланның кейбір аудандарына бару мүмкін емес. Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, жергілікті метро станциясының баспалдақтарынан су ағып, жаяу жүргіншілер қатты жел кезінде біреуі құлап жатса, енді біреулері бағаналарға жабысып тұрған.
Қалалық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі Марко Гранеллидің хабарлауынша, екпінді жел ағаштарды тамырымен жұлған, құрылыс сатылары құлап, шатырлар жұлынған. Сақтық шарасы ретінде құлаған электр желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілгенше, қаланың бірнеше жерінде электр қуаты сөндірілді.
Нөсер жауыннан орталық Италиядағы Тоскана да зардап шекті.
Аптаның соңына дейін бүкіл Италияда жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
Биылғы жыл Италияда су тасқыны салдары ауыр болды. Мамыр айында елдің солтүстігіндегі Эмилия-Романья аймағындағы су тасқынынан кемінде 14 адам қаза тапты. 20-дан астам өзен арнасынан шықты, жүздеген көшкін жүріп, үйлерді су басты, егістік жерлер зардап шекті.