Жазғы универсиада ойындарының ашылу салтанатында әлемнің 19 мемлекетінен 800-ге жуық өнерпаз келді. Олардың арасында ең танымалы ретінде итальян әншісі Андреа Бочеллиді атап өтуге әбден болады.
Жиналғандар алдында Италия президенті Серджо Маттарелла өз тілектестігін білдірді.
Жазғы универсиада ойындары 3-14 шілде аралығында өтеді. Оған әлемнің 170 мемлекетінен спортшылар келеді деп жоспарланып отыр. Онда 5971 үміткер спорттың 18 түрінен 222 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жарысқа қатысушылар футбол, баскетбол, волейбол, су добы, суда жүзу, суға секіру, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби, нысана көздеу, садақпен ату, теннис, тхэквондо, семсерлесу секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.
Италия Жазғы универсиада ойындарын өз тарихында төртінші мәрте қабылдап отыр. Аталмыш дүбірлі дода 1959 және 1970 жылдары Туринде, 1975 жылы Рим қаласында жалауын көтерді. Ал Қысқы универсиада ойындары бұл мемлекетте алты мәрте өткен.
Универсидаға қатысушыларға қойылатын талаптар бар. Құрамаға іліккен жастар сол елдің азаматы болуы тиіс. Сондай-ақ, жасы 17-ден төмен және 28-ден жоғары болмауы талап етіледі. Басты талабының бірі - жоғары оқу орындарының студенті немесе оны бітіргеніне бір жылдан аспауы қажет.
Биылғы Жазғы универсиада ойындарында біздің еліміздің атынан 94 спортшы ел намысын қорғайды. Олардың арасында семсерлесуден 18 қазақстандық спортшы қатысады. Ал 16-ы жеңіл атлетикада жарыс жолына шықса, 15-і тхэквондодан тайталасқа түседі. Ал садақпен атудан 8, нысана көздеуден 10, спорттық және көркем гимнастикадан 6, теннистен 4, дзюдодан 10, суға жүзуден 7 спортшы қатысады.