Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте таратылған мәліметтерден мәлім болды.
Министрлік таратқан мәліметтер бойынша, итбалықтар санының азаюына экологиялық жағдайдың өзгеруі ықпал етіп отыр. Биылғы жылдың 20 ақпанынан бастап, Ауыл шаруашылығы министрлігі Каспий теңізінің жағалауында және оның маңындағы итбалықтардың жағдайына мониторинг жүргізуде. Бұл ретте басты назар олардың күшіктеу кезіне аударылып отыр.
Осылайша биылғы жылдың 25 наурыз күні таңғы сағат 7-00-де арнайы жүргізілген тексеру жұмыстарының барысында Түпқараған аудандық Балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері 35 өлі итбалық тауып алды. Ең бастысы өлген итбалықтардың барлығы жас. Ал олардың өліктеріне қарап, шамамен 1-1,5 ай бұрын өлгендігін байқауға болады.
Ауыл шаруашылығының мамандары 3 итбалықты зерттеуге жіберген. Сондай-ақ аймақтық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне құрамын тексеру үшін су жіберілген. Бұған қоса итбалықтардың өліміне байланысты мемлекеттік органдардың қарым-қатынасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының өкілдері де қалыптасқан жағдайдан хабардар етілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері алдағы уақытта жария етілетін болады.