Итінің кесірінен жүріп кеткен трактор 70 жастағы мультимиллионерді басып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Итінің кесірінен жүріп кеткен трактордың астында қалған британиялық мультимиллионер Дерек Мид ажал құшты.

Оқыс оқиға жексенбіде, 4 маусымда Англияның оңтүстігіндегі Сомерсет графтығында Мидтің жеке сүт фермасында болды, деп хабарлады  The Telegraph  басылымы оның отбасымен жақын араласатын дереккөзге сілтеме жасап.  Алдын ала болжам бойынша, ит тракторға секіріп мінген шақта тежегіш ағытылып кеткен. Орнынан қозғалған трактор оның иесін басып өте шығады.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем мен құтқарушылар  мультимиллионерді ажалдан алып қала алмады.

Мид әулеті XV ғасырдан бері Сомерсет графтықта ауыл шаруашылығымен айналысады. Олардың байлығының қайнар көзі -  шошқа, қой, сыйыр өсіру, сүт өнімдерін дайындау.

Сондай-ақ ол Оңтүстік Англиядағы  ірі аукциондық орталықтардың біріне ие Mead Group компаниясының қожасы болған.