Итті баптай білсең, сенімді серігіңе айналады — кинолог

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО полиция департаментіне қарасты кинологиялық қызмет орталығы қылмыстың алдын алуда, ашуда, есірткі қылмыстарын анықтауда, қылмыскерлерді іздестіру мен ұстау, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтауда арнайы дайындықтан өткен иттерді пайдаланады.

Фото: БҚО полиция департаменті

Кинологияда иттің тұқымына үлкен мән береді. Мұнда неміс овчаркасы, бельгия овчаркасы, лабрадор деген түрлері бар. Мұндай иттер үйретуге бейім әрі шыдамды келеді.

Кейде оларды үйрету бір жылға дейін созылады. Дайындауы мен бейімдеуіне қарай оларды түрлі бағытта пайдаланады.

Қазіргі таңда кинология қызметінің одорология бөлімінде психоактивті заттардың иісін іздеп, анықтай алатын иттер бар.

Олар тек іздеуге ғана қатыспайды. Сондай-ақ қызметтік иттермен бірге кинологтар есірткі контрабандасын анықтау үшін пошта жөнелтілімдерін үнемі тексеріп отырады.

Сол бөлімнің кинолог-маманы, полиция кіші сержанты Ержан Қуанышев жастайынан иттің тілін түсініп, күтіп-баптауды үйренген. 

Қасындағы сенімді досы «Дон» есімді неміс овчаркасымен осы бөлімде қызмет атқарып келеді.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Ержан Саматұлы суға батып бара жатқан қос баланы құтқарып қалған болатын. 

Оның айтуынша, бұл қызмет үлкен жауапкершілікті, тиянақтылықты, еңбекқорлықты талап етеді. 

«Кинолог болу үшін итке бар махаббатыңды беру жеткіліксіз. Оларды күшік кезінен бастап үйретесің, өсіресің, дайындайсың. Ол іске шыдамдылық керек. Оның тамағын тойдырып, суын берумен іс бітпейді. Жаңа туған баланы қалай мәпелесең, оларға да дәл сондай жанашырлық қажет. Қалай үйретсең, қай бағытта баптасаң, ит сенің сенімді серігіңе айналады. Кейде бәрібір ол ит қой деп жатады. Ал, олардың адамға деген адалдығы, сенімділігінде шек жоқ. Тек оны түсіне білу керек. Тағы бір айтар маңызды жайт, қызметте иттерді дұрыс қолдана алу кинологқа 70 пайыз қатысты. Қалған 30 пайызы ғана итке байланысты. Сондықтан кәсіби маман болу уақытпен, тынымсыз ізденумен келеді», -дейді Е.Қуанышев.

БҚО полиция департаментінің мәліметі бойынша жыл басынан бері киногогиялық қызметпен 9 қылмыс ашылған.

Оған қоса есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірге 13 есірткі қылмысы әшкереленді.