IV Алматы Марафонының рекорды жаңартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - IV Алматы Марафонының 42 шақырым 195 метрлік қашықтығы бойынша жеңімпазы анықталды. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласынан келген 28 жастағы спорт шебері Адрей Лейменов бұл марафонды тура 2 сағат 35 минут 51 секундта жүгіріп өтті.

Өткен жылғы чемпион Алмат Имашев (02:36:21) биыл үшінші нәтиже көрсетті - 02:54:20. Екінші орында Георгий Шейко. Оның көрсеткіші - 02:37:50.

«Бұл менің өмірімдегі екінші марафон. Бірінші рет өткен жылы Мәскеу Марафонына қатысқан едім. Жалпы, кез келген марафон адам ағзасына үлкен сын. Ал бұл жерде Алматы Марафонының орны ерекше. Ол өте күрделі марафондардың біріне жатады. Сондықтан бұл бәсекеге Ыстық көлде бір айдан аса уақыт тыңғылықты дайындалдым», - деді жеңімпаз.

Ол сонымен қатар нағыз марафонның 30-шы шақырымнан кейін басталатындығын жеткізді.

«Нағыз марафон 30-шақырымнан кейін басталады. Міне осы жерде қатты қиналасың. Шыдамдылық, төзімділік, күш-қуат сол кезде керек болады. Өзіме келер болсам, бүгінгі марафонда 30-шы шақырымнан кейін не болып жатқанын еміс-еміс қана білемін. Күн өте қапырық болды», - деді Андрей Лейменов.

Ал әйелдер арасында супер марафоннан бірініші орынды өткен жылғы жеңімпаз Гүлжанат Жанатбек жеңіп алды. Оның көрсеткіші: 2:52:18.

Басқа жарыстардың нәтижелері әлі нақтыланып жатыр.

Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, естелік медальдармен және қажетті тұрмыстық , кеңселік техникалармен: ноутбуктар, фотоаппараттар, ұялы телефондар және баса да құрылғылармен марапатталады.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде ерлер арасында әлемдік рекорд кениялық желаяқ Уилсон Кипснагке тиесілі. Оның көрсеткіші 2 сағат 3 минут 23 секунд. Ал әйелдер арасындағы рекорд авторы - ұлыбританиялық желаяқ Пола Рэдклиф. Оның көрсеткіші 2 сағат 15 минут 25 секунд.