IV Ислам ынтымақтастық ойындары: Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті

БАКУ. ҚазАқпарат - Бакуде өтіп жатқан IV Ислам ынтымақтастық ойындарынан Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Әзербайжандағы меншікті тілшісі.

Ойынның екі күнгі қорытындысы бойынша, 64 кг дейінгі салмақта боксшымыз Қуат Куанов қырғыз спортшысын 3:2 есебімен ұтып, келесі айналымға өтті. Енді ол түркімен боксшысымен қолғап түйістірмек.

Ал 91 кг дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір жерлесіміз Нұрлан Сапарбай Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Еуропа чемпионы, әлемнің екі дүркін жүлдегері әзербайжандық  Магомедрасул Меджидовке ұпай санымен есе жіберді.

13 мамырда дзюдошыларымыз жарыс алаңына шықты. 52 кг дейінгі салмақта Гүлдана Әлмұхамбетова жүлделі орынға ие болып,  Қазақстан командасының қоржынына алғашқы қола медальды салды. Ол медаль үшін күресте өзбек спортшысынан басым түсті.

Сондай-ақ бүгін  жасөспірімдер арасындағы олимпиада жеңімпазы Бауыржан Жуантаев жарыс жолына шығады.

Ал 66 кг дейінгі салмақта Мейіржан Қалтаев иран спортшысымен қола жүлде үшін сынға түседі.

Еске сала кетейік,  12-22 мамыр аралығында Әзербайжан астанасы Бакуде IV Ислам ынтымақтастық ойындары өтеді. Ойындарға 54 елден шамамен 3500 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын  бес спорт түрі бойынша 32 спортшы қорғайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ойындар әлемнің 58 елінде тікелей эфирден көрсетілуде.