АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық «Барыс» бүгін шайбалы хоккейден маусым алдындағы дәстүрлі Иван Ромазан мемориалына үшінші ойынын Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Барыс» Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасын 4:3 есебімен қапы қалдырып, алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Қазірге дейін астаналық команда аталған турнирде Ресейдің «Магнитка» командасына 1:2 есебімен жол берді.
Елордалық команда турнирге 25 тамыз күні аттанды. Команда құрамындағы Никита Бояркин, Роман Старченко, Иван Николишин жарақат алған ойыншылар тізімінде тұр. Ал Джейк Масси, Иэн Маккошен, Тайс Томпсон, Оливье Родриг, Мэйсон Морелли, Райли Уолш қажетті құжаттарды рәсімдеп жатыр. Сондықтан олар турнирге қатыса алмайды.
Қазақстандық клуб жаңа маусымда алғашқы үш ойында елордада өткізеді. Алдымен 7 қыркүйекте Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездессе, одан кейін 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.