Иван Сауэр: Контрафактілік өнімдер бәріне кедергі келтіріп отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Родина АФ» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр сүт және ауыл шаруашылығы өнімдерінің контрафактілік жағдайларымен күресу бағытында өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 «Контрафакті бүгін бәріне де кедергі келтіріп отыр. Ең алдымен, өндірістік өнім халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін өндіріледі. Ал контрафакт барда халықтың қажеттілігін қалай қанағаттандыруға болады? Бұл сөзсіз әділетті бәсеке емес, алдау. Тіпті кейде контрафактілік өнімдер дүкендерде табиғи өнімдерден қымбат тұрады», - деді Иван Сауэр «Родина АФ» ЖШС-да тілшілерге берген сұхбатында.

Ол сонымен бірге контрафактілік өнімдермен күресу жолдары туралы өз ойымен бөлісті.

«Алыс немесе жақын шетел болсын, біз олардың нарығына шыққымыз келсе, олардың талаптарының тізімін қарап отырып, сыртқы нарыққа шығуға бетің қайтып қалады. Ал олар бізге қалайша жеп-жеңіл кіріп жатыр? Мен техникалық регламенттерді реттеуді, процестерді басқаруды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек деп есептеймін. Солайша, біз жүргізілген сараптаманың сапасын қамтамасыз етіп, контрафактінің біздің нарыққа енуіне жол бермес едік», - дейді Сауэр.

Агрофирма басшысының сөзіне сенсек, кейбір өнімдердің еніп кетуі жағынан шектен шыққан жағдайлар тіркеліп жатады.

«Мәселен, Ресейдегі өндірушілер біздің нарықта істеп жатқан ісін өз елінде жасай да алмайды. Егер сүт қайта қалпына келтірілген өнім болса, олар міндетті түрде қаптамада оны жазуы керек. Ал қаптаманы оқысаң - ол сүт жаңа ғана сауылып әкелінгендей көрінеді. Бұл былайша айтқанда, бұрмалау», - дейді Иван Сауэр.