Оның пікірінше, Мемлекет басшысының қатысуымен аграрлық форумның тұрақты өткізілуі – мемлекеттің ауыл шаруашылығына деген көзқарасы мен саланың ел экономикасындағы орнын айқындайтын маңызды көрсеткіш.
- Біз биік мінберлерден аграрлық секторды қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы жиі естиміз. Алайда Мемлекет басшысының қатысуымен осындай ауқымды форумның тұрақты өткізілуі – сөз жүзіндегі мәлімдеме емес, нақты істің көрінісі. Бұл мемлекеттің аграрлық салаға деген көзқарасын және оның ел экономикасындағы орнын көрсетеді, – деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, нарықтағы күрделі жағдайға және негізгі өнімдер бағасының қолайсыздығына қарамастан, агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығына еңбек етуге ниетті азаматтар үшін қазір мол мүмкіндік жасалғанын атап өтті.
- Бүгінде ауыл шаруашылығы саласына келіп, еңбек етуге дайын адам жай ғана жұмыс істемейді, ол өз ісінен ләззат алады. Бірнеше жыл бұрын қазіргі жасалып жатқан жағдайларды армандаудың өзі қиын еді. Әрине, біреулер бұл салаға келе сала байып, мыңдаған гектар алқапты игеріп, көп мал өсіргісі келеді. Бірақ ғажайып болмайды. Қазір саланы дамытуға, жетілдіруге беріліп отырған мүмкіндіктер орасан зор, – деді Иван Сауэр.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығының даму қарқынына тоқталып, бүгінгі жетістіктерді он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырды.
- Бүгінде біз бір жылдың ішінде осыдан он жыл бұрын бес жылда атқарған жұмысымызды жүзеге асырып отырмыз. Бұл – өте жылдам серпіліс, қарқынды даму. Кешегі күнімізге көз жүгіртсек, мұндай жетістікке жетеміз деп ойламаған едік, – деді кәсіпкер.
Бұдан бөлек, Иван Сауэр жастардың агроөнеркәсіп кешеніне бет бұра бастағанын ерекше атап өтті.
- Қазір залға көз салсаңыз, жастардың агроөнеркәсіп кешеніне қаншалықты белсенді келіп жатқанын байқайсыз. Ең қызығы, салада еңбек әулеттері көбейіп келеді. Бұрын әріптестерімнің балалары заңгер, экономист болып, түрлі мемлекеттік органдарға жұмысқа кететін. Ал бүгінде солар қызметтерін тастап, кейбірі погондарын шешіп, ауыл шаруашылығына келіп жатыр. Бұл – агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екенін көрсететін нақты белгі. Еңбек әулеттерінің қалыптасуы – осы саланы таңдаудың, оған деген сенімнің айқын көрінісі, – деп түйіндеді Иван Сауэр.