«Қазақстан Республикасы Бас келісімге 2015 жылғы 25 қарашада Стамбұл қаласында қол қойды. Бас келісім арқылы Қазақстан сауда, инвестициялар ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Сауда саласында Келісім мүше елдердің бір-бірімен тең құқылы және кемсітпейтін сауда қатынастарын қолдануға, сауда алмасуларын кеңейтуге және дамытуға күш-жігер жұмсауға ұмтылыстарын көздейді. ИЫҰ көптеген елдері еліміздің басты сауда әріптестері болып есептелмейді. Дегенмен, Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы ИЫҰ-ға мүше елдермен сауда көлемінің үлесі ілгерілемелі түрде өсіп келеді. Егер 2012 жылы үлес 7,2 пайыз болса, 2016 жылғы қаңтар-қазанда ИЫҰ елдерінің үлесі 10,2 пайызды құрады. Үлестері Қазақстан экспортының 11,4 пайызын құрайтын ИЫҰ-ға мүше елдер біз үшін отандық өнімді, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығы ретінде қызығушылық тудырады», - деді министр.
Оның сөзінше, бас келісімнің күшіне енуі ҚР Президенті Н. Назарбаевтың (2011 жылғы маусымда Астана қаласында өткен ИЫҰ СІМК 38-сессиясы кезінде айтылған) Астана қаласында жаңа ИЫҰ институтын - Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымын (АҚИҰ) құру туралы бастамасын ілгерілетуге өз септігін тигізеді.
Аталған орган Қазақстан Республикасына азық-түлік экспортының әлеуетін кеңейтуге тікелей тиімділіктер береді, АҚИҰ қызметі шеңберінде Қазақстанның ең аз дегенде жылына 1 млн. тонна бидайды экспорттауға мүмкіндігі болады. Сонымен қатар, Ислам даму банкінің ақшалай қаражатын тарту арқылы ауыл-шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) - қатысушыларының саны, географиялық ауқымы мен мамандандырылған құрылымдар желісі жағынан Біріккен ұлттар ұйымынан кейінгі 56 мемлекетті біріктіретін ірі халықаралық ұйым. Қазақстан Республикасы 1995 жылы ИЫҰ-ның толық құқықты мүшесіне айналды. Еліміздің Ұйымға мүше болуы ИЫҰ-ға мүше мемлекеттермен байланыс орнатуға, ҚР-дың ислам кеңісітігіндегі саяси және экономикалық процестерге белсенді қатысуына септігін тигізді. 1977 жылдан бастап Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісім мүше елдердің экономикалық ынтымақтастығын регламенттейтін ИЫҰ-ның басты негіздемелік құжаты болып табылады. Келісімге қосылу мұсылман елдерімен тығыз әріптестік қатынастардың дамуына серпін береді, ислам қаржы және экономикалық институттарымен ынтымақтастықты жандандырады.