ИЫҰ мемлекеттері Денсаулық сақтау министрлерінің Үшінші ислам конференциясы аясында Астана декларациясын қабылдады

ТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Денсаулық сақтау министрлері Үшінші ислам конференциясының қорытынды отырысы өтті. Онда Астана декларациясы мен мұсылман әлемі үшін маңызды ауқымды мәселелер бойынша бірқатар қарарлар қабылданды.

Қабылданған қарарлар ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы ықпалдастықтарын тереңдетуге бағытталған. Денсаулық сақтау министрлері Үшінші ислам конференциясының жұмысы 29 қыркүйек, бейсенбі күні басталған болатын. Үш күнге созылған алқалы жиын барысында, мұсылман елдері арасында көпжақты және екіжақты жоғары деңгейдегі келісімдер жасалды. Оның басым бөлігі медицина саласындағы әріптестік уағдаластықтары мен инвестициялық келісімдер. Сондай-ақ алқалы жиын барысында 2012-2022 жылдар аралығында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы іс-қимыл стратегиялық бағдарламасының жобасы талқыланды.

«Бүгін 6 қарар, сонымен бірге Астана декларациясы қабылданды. Онда ИЫҰ-ға мүше елдер мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, ислам әлемінің ықпалдастығын денсаулық сақтау саласына жұмылдыру, ИЫҰ мемлекеттерінде өршіп бара жатқан дерт түрлеріне қарсы шаралар қолдану, Сомали және Палестина сынды елдердің әл-ауқатын нығайтуға жәрдемдесу және осында қабылданған қарар қағидаттарын бұлжытпай орындау мәселелері бекітілді», - деді ИЫҰның Бас Хатшысының орынбасары Абдуль Муэз Бухари.