ИЫҰ-ның бас хатшысы қызметіне тұңғыш рет Сауд Арабиясының азаматы келді

АСТАНА. 3 қаңтар. ҚазАқпарат - 2014 жылдың қаңтар айының 1-і күні Ислам ынтымақтастық ұйымын (ИЫҰ) 9 жыл басқарған профессор Екмеледдин Ықсаноғлы демалысқа кетіп, оның орнына Лияд Мадани келді.

Ол мұсылмандардың мақсат-мүддесі үшін қызмет ететінін мәлімдеді.

«Бұл орынға кім отырса да мұсылман елдерінің басшыларымен тіл табысып, қандай да бір мәселеде олардың ортақ келісімге келуіне ұйытқы болуы тиіс»,- деген ол ИЫҰ-на мүше 65 елдің арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге күш салатынын жеткізді.

Лияд Мадани - осынау мәртебелі орынға тұңғыш рет жайғасқан Сауд Арабиясының азаматы. Сарапшылар оның аталмыш ұйымның ықпалын арттыруға талпынатынын, дәстүрлі ислам құндылықтарын бағалайтынын тілге тиек етті. 2005 жылы ол Сауд Арабиясының қажылық істері жөніндегі министрі, 2005-2009 жылдары осы елдің мәдениет және ақпарат министрі болып қызмет атқарса, 2012 жылдың наурыз айының 10-нан бастап, Мәдина маңындағы «Білім экономикасының қаласы» деп аталатын директорлар кеңесінің төрағасы әрі король Абдолла бин Әбдіәзіздің тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі қорының президенті болып қызмет атқарды, деп хабарлайды muslim.kz.