ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы жоғары деңгейде өтуде - Словенияның Сыртқы істер министрі Сэмуель Жбогар

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы аясында Словенияның Сыртқы істер министрі Сэмуель Жбогармен кездесті.

Кездесуден соң журналистермен сұхбаттасқан Словения Сыртқы істер министрінің айтуынша, Ислам Ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы жоғары деңгейде өтті. «Мен сол үшін Қазақстан басшысына алғысымды білдірдім. Мен сонымен қатар қазақ халқының қаншалықты зор қонақжай халық екендігін атап өттім. 2009 жылы мен Қазақстанда болғанмын. Мен осы елге қайта келіп отырғандығыма ризамын. Кездесу кезінде біз экономикалық ынтымақтастық мәселесіне байланысты бірнеше келісімді талқыладық. Жуық арада оған қол қойылуы да мүмкін»,-деді Словения өкілі.

Сонымен қатар ол Словения мен Қазақстан арасында мәдени, экономикалық және саяси салада да жақсы ынтымақтастық орнайды деген үміт бар. «Астанада «Словения үйі» ұйымдастырылды. Оның мақсаты екі елдің компанияларының ынтымақтастығын арттыру болып табылады. Бұған қоса екі түрлі салық салу мен экономика саласына қатысты екі ел арасында талқыланып келе жатқан өзге де мәселелер сөз болды. Словения жыл сайын Ислам Ынтымақтастық ұйымының мәжілістерінен қалмауға тырысады. Себебі Словения аталмыш халықаралық ұйыммен бірлесіп атқарып жүрген шаралары жетерлік. Ол Босния мен Герцоговинаның әскери қимылдарынан басталады. Ал біз бұл аймақта қақтығыстардың аяқталып, тұрақтылық орнығуына мүдделіміз»,-деді министр.