«Іздеу» операциясының барысында тәртіп сақшылары аты-жөндері анықталмаған 6 мәйіт тапты

АСТАНА. Қыркүйектің 22-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық Криминалдық полиция қызметкерлерінің 7 күнге созылған «Іздеу» операциясының барысында іздеуде жүрген 23 қылмыскер қолға түсті.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Төлебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның деректеріне қарағанда, ұсталғандардың 1-уі Өзбекстанның, 2-уі Ресейдің азаматтары. Сондай-ақ 18 азамат елордалық тәртіп сақшыларының іздеуінде жүрген. Қолға түскендердің 2-уі қарақшылық әрекеттері, 1-уі Өзбекстан аймағында лаңкестік әрекеттер жасағаны үшін іздеуде жүрген. «Аталмыш қылмыстардың ішіндегі аты-шулысы 2008 жылы елордада орын алған болатын. Онда Моңғолия елінде туып өскен, кейіннен Қазақстан азаматтығын алған

5 адамнан тұратын қылмыстық топ Астанадағы коммерциялық ұйымдардың бірін тонаған еді. Олар қару қолдану арқылы мекеменің күзетшісін ұрып-соғып, 1,5 миллионнан астам теңгенің заттарын алып кеткен. Полиция  қызметкерлері олардың 1-нің ізін суытпай қолға түсірсе, қалған 4-іне іздеу салынған. Ал тамыздың

3-і күні тағы 3-уі қолға түсіп, 1-уі айласын асырып, тәртіп сақшыларынан қашып жүрген. Алайда қыркүйектің 14-і күні жедел-іздестіру шараларының барысында ол да ұсталып, қамауға алынды», деді басқарма бастығы.

 «Іздеу» шарасының барысында сондай-ақ із-түссіз жоғалып кеткен 10 адамның тұрғылықты жері анықталған. Олардың 4-уі - кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер. Сондай-ақ тағы 6 адамның мәйіті табылды, олардың аты-жөндері әзірге белгісіз болып отыр.