Іздеу жарияланған түркістандық төрт жасөспірім Петропавлдан табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының өз бетімен жүрген төрт жасөспірімін Петропавл полицейлері қаладан тапты. Олар ешкімді ескертпестен үйлерінен кетіп, «ел аралауға шыққан» екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер Түркістан облысының 16 жастағы тұрғынын Пестрое көлінің маңынан тапқан. Жасөспірімнің жоғалғаны туралы Шымкент қаласында тұратын оның анасы хабарлаған. Кейін бозбаланың өзі сияқты кәмелетке толмаған үш баламен бірге елді аралауға шыққаны белгілі болды.

«Төртеуі де кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді, ата-аналарына олардың жүрген жері туралы хабарланды. Жасөспірімдердің тарапынан, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтарды азайту үшін полицейлер ата-аналарды балаларына барынша көңіл бөлуге, олардың бос уақыттарында немен айналысатынын, кіммен жүретінін қадағалауға шақырады», - дейді Петропавл қаласының ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.

Шілденің 15-і мен 19-ы аралығында Петропавл қаласында ювеналдық полицейлері «Қауіпсіз жаз» акциясын өткізді. Тәртіп сақшылары тұрмысы қолайсыз отбасыларды тексеріп, жазғы лагерьлерде профилактикалық әңгімелер жүргізді. Сондай-ақ, жастардың жүретін жерлері - көңіл көтеру орындарын, компьютерлік клубтарды тексерді. Рейдтер кезінде жасөспірімдерге суға түсу, бейтаныс адамдармен сөйлесу ережелері, алаяқтық туралы жадынамалар таратылды. Акция барысында Петропавлдың 7 тұрғыны балаларының түнгі уақытта көшеде жалғыз жүргені үшін жауапқа тартылды.