Бұл туралы аталған ведомствоның тіл саясаты және ақпарат бөлімінен хабарлады.
Екі күннің ішінде көш-қон полициясының қызметкерлері 448 шетелдік азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартса, олардың 56-сы әкімшілік соттың шешімімен ел аумағынан шығарылған. 261 шетелдіктің уақытша келіп-кету мерзімі қысқартылып, тағы 101 азамат тұлғасын анықтау мақсатында Ішкі істер департаментінің қабылдау-тарату орнына қамалған. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған еліміздің 154 азаматы әкімшілік жауапкершілік тартылған, оның 4-еуі шетелдік жұмыс күштерін заңсыз пайдаланып келген.
«Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасының барысы Астана қалалық ІІД басшылығының ерекше бақылауында.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап 5 күннің ішінде ішкі істер органдарында тіркелуі қажет. Бұған дейін аталған елдердің азаматтарына ҚР Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Сыртқы істер министрліктерінің шекаралық бақылау бекеттері арқылы өткен шетелдік азаматтарды тіркеу ережесін бекіту туралы бірлескен бұйрығына сәйкес тіркеу процедуралары жеңілдетілген болатын. Мәселен Қазақстан аумағында Қырғызстан азаматы ішкі істер органдарында тіркелмей-ақ 90 күн, ал Тәжікстан азаматтары 30 күн жүре алатын.