ІЖӨ 6,8 пайызға өсті - Статистика агенттігі

АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 2011 жылы қаңтар-қыркүйек айларында еліміздің ішкі жалпы өнімнің көлемі 6,8 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов мәлім етті.

Агенттік төрағасы атап көрсеткендей, осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1453,7 млрд. теңгеге артып, 2010 жылғы қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда, 11 пайызға ұлғайды. Сыртқы сауда айналымы 79668,4 млн. АҚШ долларын құрап, 2010 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 38% өсті, оның ішінде экспорт - 56707,5 млн. АҚШ доллар (45,6% өсті), импорт - 22960,8 млн. АҚШ долларын құрады (22,3% өсті). «Осы және басқа да экономикалық көрсеткіштердің нәтижесінде еліміздегі ішкі жалпы өнімнің көлемі 6,8 пайызды құрады. Бұған дейін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов атап көрсеткендей, болжам бойынша бұл көрсеткіш 7 пайызға өспек», - дейді Ә.Смаилов.