ИЖТМ бірлескен ғылым және бизнес жобаларына арналған жаңа грант түрлерін әзірлеп жатыр

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Индустрия министрлігі ғылыми-зерттеу жобаларын тәжірибелік тұрғыдан іске асыруға арналған жаңа грант түрін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлім етті.

«Бүгінгі таңда мемлекет зерттеулерге қаржы бөлсе, кәсіпкерлік саласы ғылыми ұсыныстарды қарауға дайын. Сондықтан, жобаларды іске асыру үшін бірлесіп жұмыс істеу механизмдерін әзірлеуіміз қажет. Қазіргі кезде мақсатты технологиялық бағдарламаларға жаңа грант түрін құру мәселесі пысықталып жатыр. Оның қанатқақты жобасын 2014 жылы іске қосу жоспарланған», - делінген primeminister.kz сайтында.

Оның айтуынша, мақсатты технологиялық бағдарламалар - ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа механизмі, ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидасы бойынша іске асырылады.

«Ғылым бизнестен тәжірибе жүргізетін полигон мен жабдықтар алады, бизнес - өз өндірісінде жұмыс істейтін ғылыммен үздіксіз байланыста болады және қаржылай тәуекелдердің бір бөлігін мойнына алады, ал мемлекет жеке технологиялары мен кадрларын дайындайды», - дейді Б.Жақсалиев.