Дүйсенбі күні кешке 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуылдарға қатысы бар деп айыпталғандарға өлім жазасын тағайындауға уәкілетті арнайы трибунал құру туралы заң жобасы 120 орындық Кнессеттің 93 дауысынмен қабылданды.
Қалған 27 заң шығарушы дауыс беруден қалыс қалды немесе қарсы болды.
Арнайы трибунал Иерусалимде орналасады. Оның отырыстары көпшілікке ашық болады және аудио және видео форматтарда жазылады, ал негізгі тыңдаулар арнайы веб-сайтта тікелей эфирде көрсетіледі. Сот алқаларын қазіргі немесе зейнеткерлікке шыққан аудандық сот судьялары басқарады.
Заң жобасында сондай-ақ, Батыс жағалауында орналасқан билік 7 қазандағы шабуылға қатыспағанына қарамастан, айыпталушылардың заңды өкілдігіне қаржыландыру Палестина әкімшілігіне аударылған қаражаттан шегерілетіні көзделген.
Заң жобасының түсіндірме жазбасына сәйкес, оның мақсаты «2023 жылдың 7 қазанында басталған Израиль азаматтарына қарсы үйлестірілген және әдейі жасалған террористік шабуылдың бөлігі ретінде ХАМАС және онымен байланысты топтар жасаған дұшпандық әрекеттер, кісі өлтіру, жыныстық зорлық-зомбылық, адам ұрлау және тонау үшін жауаптыларды қудалауды реттеу».
- Барлығы Израиль мемлекеті өзіне зиян келтіргендерді қалай жауапқа тартуды білетін егеменді мемлекет екенін көрсін, - деді заң жобасы авторларының бірі Юлия Малиновская.
Алайда, Израиль мен Палестина адам құқықтары ұйымдары заң жобасы әділ сот ісін жүргізу құқығына процедуралық кепілдіктерді алып тастай отырып, өлім жазасын тым жеңілдетуі мүмкін деп ескертеді.
- Ашық сот отырыстарын реттейтін ережелер кінәсіздік презумпциясын, әділ сот ісін жүргізу құқығын және адами қадір-қасиет құқығын бұзады. Бұл механизм істің мәні бойынша кез келген сот отырысы басталмай тұрып-ақ айыптау актісін беруді кінәні мойындаумен теңестіреді, - деді Израильдегі араб азшылықтарының құқықтары жөніндегі құқықтық орталықтың заңгері Муна Хаддад.
Бұл заң жобасы Израиль үкіметі наурыз айында бекіткен өлім жазасы туралы заңға қатысы жоқ, ол терроризм мен ұлтшылдық кісі өлтіру үшін сотталған палестиналықтарға өлім жазасын тағайындау мүмкіндігін кеңейтті.
2023 жылдың 7 қазаны Израиль тарихындағы ең қанды күн болды. ХАМАС содырлары Израильдің оңтүстігінде 1200-ден астам адамды өлтірді. Газа секторында тағы 251 адам, соның ішінде ерлер, әйелдер, балалар және шетелдік азаматтар ұрланып, тұтқында ұсталды.
Бұл оқиғалар Газа тарихындағы ең қанды соғыс тудырды, ол бүгінгі күнге дейін 72 000-нан астам адамның өмірін қиды.
Айта кетейік, Израиль Батыс жағалаудағы заңсыз 126 тұрғын үй құрылысына рұқсат берді.