Иран 48 сағат ішінде Израильге соққы беруі мүмкін: шетелдіктер елден кетіп жатыр

Фото: aa.com.tr

АСТАНА. KAZINFORM — Иран Израильге соққы беруі мүмкін.  АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен одақтастарына 48 сағат ішінде шабуыл жасау мүмкіндігі  туралы ескертті, деп жазады Euronews.

Америкалық ақпарат көздеріне сәйкес, Иран мен оның одақтастары тарапынан Израильге шабуыл жасалуы мүмкін. Израиль билігі кез келген сценарийге дайын екенін мәлімдеді.

Аймақтағы қақтығыстың өршуінен қауіптеніп, Франция басқа батыс елдері сияқты өз азаматтарын Ливаннан тез арада кетуге шақырды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға Израиль мен Ливанға барудан уақытша бас тартуды ұсынды.

«Қазіргі уақытта аталған елдерде жүрген Қазақстан азаматтарынан аса қажеттілік болмаса үйлерінен шықпауды, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, соңғы жаңалықтарды қадағалауды, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігі және Израиль мен Ливандағы елшіліктерімен байланыста болуды сұраймыз», - делінген министрлік хабарламасында.