Израиль 60 күндік бітімге келудің шарттарымен келісті – Трамп
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон өкілдерімен кездесуінде Израиль Газа секторында екі айлық атысты тоқтатуға қажетті шарттармен келіскенін айтты, деп хабарлайды ВВС.
– Бүгін өкілдерім израильдіктермен Газа мәселесі бойынша ұзақ әрі нәтижелі кездесу өткізді. Израиль 60 күндік бітімге келудің қажетті шарттарымен келісті. Осыған орай біз барлық тараппен соғысты тоқтату үшін жұмыс істейміз, - деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.
АҚШ басшысы жазбасында бірақ оның нақты қандай шарттар екенін нақтылаған жоқ.
Америка көшбасшысының айтуынша, «бейбітшілік орнату үшін көп еңбек еткен» Қатар мен Мысыр өкілдері кейінгі ұсынысты ХАМАС содырларына жеткізеді.
– Таяу Шығыстың игілігі үшін ХАМАС бұл келісімді қабылдайды деп үміттенемін, - деп қосты Трамп.
Бұған байланысты ХАМАС өкілдері әзірге түсінік берген жоқ.
Америкалық БАҚ осыған дейін Израильдің стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермердің Вашингтонға келгенін, ол Ақ үй өкілдерімен Газа секторы мен Ирандағы жағдайды, сондай-ақ Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың АҚШ-қа сапарын талқылауы тиіс болғанын хабарлаған.
Трамп сейсенбіде Нетаньяху Газадағы шайқастардың тоқтатылуын қалайтынын жеткізген.
Айта кетейік, Израильдің Газа секторына жасаған соққысынан барлығы 95 палестиналық қаза тапқаны хабарланды. Жексенбі күні АҚШ президенті Израиль мен ХАМАС-ты Газа секторында атысты тоқтатуға шақырды.
Осыған дейін Трамптың АҚШ-тың Сирияға қарсы санкцияларын алып тастағанын жазған едік.