Израиль Al Jazeera телекомпаниясының бес қызметкерін өлтірді
АСТАНА. KAZINFORM — Al Jazeera тілшісі Анас әл-Шариф пен оның төрт әріптесі Газа қаласында израильдік күштердің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды BBC.
Хабарламаға сәйкес, шабуыл кезінде телекомпанияның бес қызметкері Газадағы аш-Шифа ауруханасының кіре берісіндегі шатырда болған.
Израиль әскері шатырға соққы берілгенін растап, оның Анас әл-Шарифке бағытталғанын мәлімдеді.
Израиль әскерилерінің айтуынша, өзін журналист ретінде танытқан Анас шын мәнінде қарулы топтардың мүшесі болған.
Израильдіктер бейбіт тұрғындардың шығынын барынша азайту үшін әртүрлі барлау мәліметтері мен жоғары дәлдіктегі қарулар қолданылды деп өздерін ақтауға тырысты. Алайда олардың зымыранынан барлығы 7 адам қаза тапты.
Al Jazeera өз қызметкерлеріне жасалған шабуылды «баспасөз бостандығына жасалған өрескел және қасақана шабуыл» деп сипаттады. Телкомпанияның бас редакторы Мұхаммед Муавад әл-Шарифтің аккредиттелген журналист екенін және оның арқасында бүкіл әлем Газа секторында шынымен не болып жатқанын білгенін айтты.
Израиль шетелдік журналистерді Газаға кіргізбейді, сондықтан көптеген ақпарат құралдары жергілікті тілшілерді жалдайды.
28 жастағы Анас әл-Шариф қайтыс болмас бұрын әлеуметтік желіде Израильдің Газаның шығысы мен оңтүстігін үздіксіз бомбалап жатқаны туралы жазған болатын.
Еске сала кетейік, халықаралық қауымдастық Израильді Газа секторын басып алуды дереу тоқтатуға шақырды.