Израиль армиясы елдің оңтүстігіндегі барлық елді мекенді бақылауға алғанын мәлімдеді

Фото: Фото: pixabay.com.

Израиль армиясының өкілі дүйсенбі күні таңертең Израиль барлық елді мекенді бақылап отырғанын және қазір мұнда ешқандай қақтығыс жоқ екенін мәлімдеді. Алайда ол Израиль аумағында әлі де ХАМАС содырлары бар екенін мойындады. Kazinform агенттігінің тілшісі бұл туралы The Times of Israel басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Израиль қорғаныс күштерінің (ЦАХАЛ) бас өкілі контр-адмирал Даниэль Хагари Израиль әскерлерінің Газа секторымен шекаралас барлық елді мекендерді бақылауға алғанын айтты.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше сағатта әскерилер мен палестиналық лаңкестер арасындағы қақтығыс оқиғалары көп болған жоқ. Хагари әскерилер Шаар Ханеге аймақтық кеңесінде үш, Беэрде бір, Холит пен Суфада бес және Алумимде тағы төрт лаңкесті өлтіргенін айтты.

«Бұл аймақта лаңкестер әлі де болуы әбден мүмкін», - деді Хагари.

Мәлімдемеге сәйкес, қазір ешбір қалада қақтығыс болып жатқан жоқ. Газа секторындағы шекаралық тосқауыл танктер, шабуыл тікұшақтары және ұшқышсыз ұшақтармен физикалық түрде қорғалатын болады. Израиль армиясы Газа секторы шекарасындағы 24 қаланың 15-ін эвакуациялады, қалғандарын алдағы күні көшіруді жалғастырады. Оның айтуынша, бұл кезеңде Сдерот қаласының тұрғындары эвакуацияланбайды.

Сенбі күні таңертең әскери іс-қимылдар басталғаннан бері Израильге 4 400-дей зымыран атылды. Сондай-ақ ЦАХАЛ 48 сағат ішінде 300 мың резервист жинағанын хабарлады.