Хабарламаға сәйкес, үш күннен бері Газа секторы мен Израиль арасындағы шекаралық аймақта Израиль әскерилері мен палестиналық қарулы топтар арасында қақтығыс тіркелмеген.
Телеарна атап өткендей, жердегі операция «еврей елді-мекендерін қарулы палестиналықтардан тазартқаннан кейінгі соғыстың екінші кезеңі» болмақ.
7 қазан күні таңертең ХАМАС-тың әскери қанаты – «Изз ад-Дин әл-Кассам» бригадасы «Әл-Ақса» операциясының басталғанын хабарлады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар елді мекендерге кірді.
ХАМАС бұл операцияның басып алынған Шығыс Иерусалимдегі «Әл-Ақса» мешітіне жасалған шабуыл мен Израильге қоныстанушылардың палестиналықтарға зорлық-зомбылығының күшеюіне жауабы екенін айтты.
Бұған қарымта соққы ретінде Израиль армиясы да ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында ХАМАС-қа қарсы «Темір қылыш» операциясын бастағанын хабарлады.
Израильдің «Әл-Ахли» ауруханасына жасаған соққысынан 500 адам қаза тапты.
Израиль-Палестина қақтығысы ушыға бастағаннан бері 3 478 палестиналық пен 1 300 израильдік, сондай-ақ 13 журналист көз жұмды.
Еске салайық, 7 қазан күні Палестинадағы ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, елдер соғыс жағдайына көшкен болатын.